Халқымызда ата-бабадан тіні үзілмей келе жатқан дәстүрлі хандық мемлекеттілікті қастерлеген қоғамдық сана орын алған. Тіпті, кешегі Кеңес Үкіметі үстемдік еткен тұста да хандық басқару жүйесі жойылғанымен, оны халық санасынан мүлдем сызып тастай алмады.

Оның айқын мысалы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің етек жаюы барысында Әбдіғапар Жанбосыновтың қыпшақ көтерілісшілерінің ханы, Шолақ Оспановтың арғын көтерілісшілерінің ханы болып сайлануы еді. 1916 жылғы 21 қарашада 13 болыс өкілдерінің құрылтайында халық арасында атақты Нияз бидің ұрпағы Әбдіғапар Жанбосынов та Торғай уезінің ханы болып сайланған.

Кешегі қылышынан қан тамған кеңестік кезең де халық санасынан қазақ мемлекеттілігі нышандарының бірі – хан ұғымын жоя алмады. 1930 жылғы шаруалар көтерілісі кезінде араларынан беделді адамдардан билеуші сайлап алғаны белгілі. Мәселен, Сырдария округінің Созақ ауданындағы көтеріліске қатысушылар өздерінің жетекшісі Сұлтанбек Шолақовты хан етіп сайлайды. Тіпті, ол хан кеңесін де құрған. Ырғыз ауданында көтеріліске басшылық жасаған имам, хазірет Мұхантай Саметов те хан сайланды. Бұл адамдардың хан болып сайлануы немесе жариялануы қазақ қоғамының дәстүрімен байланысты, ол сондай-ақ, қозғалысқа біртұтас басшылықты жүзеге асыру қажеттілігінен туындағаны белгілі.

Қазақ қоғамында хан – мемлекет, қоғам, халық бірлігін сақтайтын, елдің басын қосып ұстайтын ең жоғары дәрежелі басшы болды. Ханға халық сенген, оларды бір мақсат, бір мүддеге жұмылдыра білген тұлға ретінде құрметтеген.  Қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік құрылымында ханның алатын рөлі өте жоғары. «Ханда қырық кісінің ақылы бар» деп халық даналығы айтқандай, ол – бейбіт, ел тыныш кезде кемел ақыл иесі, елдің шетіне жау тигенде қол бастайтын батыр, көрші мемлекеттермен де ірі бедел иесі, дипломат ретінде келіссөздер жүргізетін болады. Осындай ірі тұлғаны халық құрметтеп, оның елі мен халқына сіңірген зор еңбектерін мақтан тұтып, ұрпақтан-ұрпаққа үлгі ретінде тарихта есімдерін өшпестей етіп қалдырған.

Оның жарқын мысалы, ХІV ғ. Әз Жәнібек хан, ХV ғ. Қасым хан,  ХVІ ғ. Хақназар хан, ХVІІ-ХVІІІ ғ.  Есім хан, Әз Тәуке, ХVІІІ ғ. Әбілқайыр хан, Абылай хан, ХІХ ғ. Кенесары хан және де қазақ мемлекеттілігін, ұлт бірлігін ұйытып, оны сақтай білген басқа да хандардың атқарған еңбектері төл тарихымызда орасан зор екендігіне еш шүбә жоқ. Туған жері мен атамекені үшін жан беріп, жан алысқан жаугершілік заманда қолына қару алып, майдан даласында шейіт болған хандарымыз Момыш хан, Тоғым хан (ханмен бірге тоғыз ұлы да ұрыс даласында шейіт болды), Тәуекел хан, Салқам Жәңгір, Кенесарының ерліктері сахара төсін жайлаған халқымыздың санасы мен рухында, даланың ауызша тарихында мәңгілікке орын алып, ұрпақтан-ұрпаққа жетті. Бұл дегеніміз қазақ хандарының ел намысы мен абыройын жоғары ұстағандығының куәсі деп білеміз.

Тарихтан белгілі, ханды халық сайлаған және сайланған ханға халық тарапынан зор құрмет көрсетілген. Сайланған ханға Ақ Орда тігіп, таққа отырғызған. Сондай-ақ, хан ордасының ішкі тәртібі қатаң сақталған. Хан ордасына ерекше рұқсатпен кірген, атпен баруға тыйым салынған. Халық тарапынан сайланған ханға аса зор жауапкершілік жүктелді. Ханға біріншіден, мемлекеттің тұтастығын сақтау және қорғанысын күшейту, көршілес елдермен қарым-қатынас орнату, екіншіден, қоластындағы халыққа қамқорлық жасау, шаруашылық, әлеуметтік істерді жүзеге асыру, үшіншіден, әділ билік орнату, әділетсіздікті жазалау сияқты ірі мемлекеттік міндеттер жүктелген. Бұл ауқымды міндеттерді хан уәзірлері мен билер арқылы бақылауға алып, оны орындап отырды.

Хан халықтан бөлінбеген. Хан ордалары әр замандарда қасиетті де берекелі жерлерде тігілгені белгілі. Мысалы, киелі Түркістанда, ұлтты ұйыстырған Ұлытауда, жер жәннаты Жетісу мен Көкшеде, ерке сұлу Ақжайық бойында Қазақ хандығының сән-салтанаты асқақтады.

Шындығында ханның мемлекеттік істердегі барлық қажеттіліктерін ел жұмыла көтерген. Осыған орай, хандар мал мен мүлік жинауға әуестенбеген.

Аққали АХМЕТ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік

университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы.