АГУ-им.ДосмухамедоваӨткен аптада Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде  Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің Қазақстан Республикасында мерзімінен бұрын ҚР Президенті сайлауын өткізу туралы Үндеуі бойынша дөңгелек үстел өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі 2015 жылғы 14 ақпандағы мерзімінен бұрын ҚР Президенті сайлауын өткізу туралы бастама көтерген болатын. Бұл бастамаға еліміздің барлық саяси партиялары, қоғамдық бірлестіктер, зиялы қауым өкілдері, бизес өкілдері қолдау білдіруде.

«Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесі мүшелері, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттар тобына Қазақстан Республикасы Президентінің мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы бастама көтерсін деп үндеу жолдаймыз!», — деген болатын ҚХА Үндеуінде.

Ел өміріндегі осындай маңызды оқиғадан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті де сырт қала алған жоқ. 65 жыдық тарихы бар, түлектері Қазақстан Республикасының түкпір-түкпірінде экономиканың барлық салаларында еңбек етіп жүрген  ірі білім мен ғылым орталығы Қазақстан халқы Ассамблеясының бұл бастамасына үн қосып, бірқатар іс-шараларды өткізеді. Олардың алғашқы легінде Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізудің артықшылықтары мен перспективаларына байланысты ой-пікірлерді ортаға салған дөңгелек үстел болды.

Атырау облыстық Мәслихатының депутаты, Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшесі,  «Видергебурт» этномәдени бірлестігінің төрағасы Александр Думлер, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Анатолий  Блохин, университет ардагерлер кеңесінің төрағасы, педагогика ғылымдарының кандидаты Шахман Нагимов, профессор Таубаев Бақтыбек, әлеуметтік зерттеулер зертханасының меңгерушісі Айдын Лукпанов, Экология мамандығы бойынша PhD докторы Рауан Абдинов, 3-курс студенті Несіпбаева Жайна ҚХА мүшелерінің 2015 жылы елімізде Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы ұсынысына қолдау білдірген пікірлерін ортаға салды.

Дөңгелек үстел жұмысына ғалымдар, профессор-оқытушылар құрамы, ардагерлер, университет жанындағы Қазақстан халқы ассамблеясы институты мүшелері, БАҚ өкілдері, магистранттар, студент-жастар қатысты.

Іс-шара қорытындысы бойынша Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылары мен студент-жастары ҚХА Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы бастамасын қолдауға шақырған Үндеу қабылдады.

 Руслан ХАМЗА

 Арнайы тілші