Таралмыш діни ағымдардың ішінде өзінің жүріс-тұрысы және киіну стилімен бірден көзге түсетін «Таблиғи жамағат» ұйымының қызметі Қазақстандағы мұсылман үмметінің наразылығын оятып қана қоймай, құқық қорғау органдарының назарына іліккен. Қазақстан Республикасының 2011 жылдың қараша айында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында белгіленген тәртіп бойынша құзыретті органда діни бірлестік ретінде тіркеуден өтпеген бұл ұйымның ендігі қызметі ел аумағында заңсыз болып табылады.

Негізінен «Таблиғи жамағат» ұйы­мының ерушілері саналы-санасыз түрде террористер ұстанатын  радикалдық идеологиядан аса ерекшеленбейтін  сенімді  ұстанады.  Дінге бет бұруды  ойлағандардың басым көпшілігінің  ра­дикалдануының  алғашқы  қадамы  «Таблиғи жамағат» қатарына  қосылудан басталған.  Француздық  басылымдардың  бағалауынша, ислам атын жамылған экстремисттердің 80 пайызы осы ұйымның қатарынан шыққан екен.  Бүгінде бұл ұйымның негізгі орталықтары Үндістан, Пәкістан және Бангладеш елдерінде орналасқан. Алайда, ұйымның бағдарламалары мен нұс­қаулары қозғалыс басшыларының шағын тобына ғана белгілі.

Жалпы дүниежүзі жұртшылығын мазалап отырған мәселенің бірі —  әртүрлі бүлікшіл топтардың экстремистік әрекеттерге барып жатқандықтары болып отырғаны бәрімізге айғақ. Олардың кейбірі біздің елімізде де өз идеяларын таратпақ болып жүргені шындық.

«Таблиғи жамағат» қозғалысы ел ішінде ресми тіркеулерден өтпей, кезінде жасырын түрде қызмет атқарып келген еді. Бүгінде олардың жұмысына заңмен тыйым салынып отыр. Сондықтан да қоғам «Таблиғи  жамағат» ұйымының ел тыныштығына қауіп төндіретін радикалдық орта екендігін түсінуі керек.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларының бірінде «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі осы жат діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені біздің қоғамның бір бөлігінің шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз» деп атап өтіп,  дәстүрлі емес секталар мен жалған діни ағымдардың қызметіне қатаң тосқауыл қою қажеттігін баса тапсырған болатын.

Соңғы уақытта мемлекетімізде халық арасында уағыз өткізетін әртүрлі секталар, діни ағымдар пайда болып жатыр. Олардың ішінде Исламның атын жамылып жүрген «Таблиғи жамағат» ұйымы да бар. Бұл топ көбінесе шетелдік бағытымен сипатталады. Аталған ұйымның халық арасында уағыз жургізуіне сіз білім алып келген діни оқу орнындағы профессорлары мен ғалымдарының ой-пікірлері қандай?

Дін ғалымдары мен профессорларының айтуынша дінді насихаттап, дағуат айту үшін кем дегенде жеті-сегіз жылдық арнаулы теологиялық білімі болуы қажет. Бұрынғы сахабалардың кезінде де ең білімді ғұламасының өзі «менің білмейтінім көп» деген. Ал өздерін «дағуатшылармыз» деп жүрген «Таблиғи жамағат» діни бірлестігінің өкілдері жеті – сегіз жылдық діни білімі түгілі бір жылдық та білімдері жоқ. Тіпті, олардың арасында бұрын қылмыстық топтарда болғандары да кездеседі. Ал мұндай адамдарға ешқандай дін ғалымы дағуат айтуға, халықты дінге шақыруға рұқсат етпейді.

Біздің қоғамымызда да «Таблиғи жамағат» ізбасарларының «дін тарату» мақсатында отбасын тастап кету фактілері орын ала бастады. Таблиғшылар отбасыларының ыдырауының, олардың әйелдері мен бала-шағаларының тұрмыстық және рухани тарығуға ұшырауының себептері осы емес пе? Ал ислам діні  мұсылманның өз отбасын бағып-қағуға және жұбайына көңіл бөлуге жұмсаған уақытын ғибадаттың бір түрі деп үйретеді. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары да азаматтардың отбасыларын бағып-қағуын парыз деп белгілеген.

Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстандағы ислам бағытын ұстанып экстремистік әрі деструктивті қызметті жасап жатқан діни ағымдардың көбеюі бүгінде ерекше өзектілікке ие. Олардың түрлі ұстанымдары мен мақсаттары бүкіл мұсылман қауымында тиісті сұрақтар тудыруы заңды құбылыс. Мұндай діни ағымдардың идеологиясы қандай, ал әрекеттері экстремистік немесе террористік пе? Олардың әлемдік және дәстүрлі діндерден айырмашылықтары мен ерекшеліктері қандай? Деген сұрақтарға жауап табу, сондай-ақ олардың мұндай қарқынмен қоғам арасында таралу себептерін айқындау елдегі діни ахуалды реттеуге қатысты бастамалар үшін аса маңызды. Қазіргі кезде еліміздің барлық аумақтарына тарап, танымал болған «Таблиғ жамағаты» деп аталатын топтардың болмысы, олардың ұстанымдарының дұрыс немесе бұрыс екендігі жайлы сұрақтар азаматтарымызды жиі мазалауда. Осы тұрғыда облысымыздың «Иманғали» орталық мешітінің ұстазы Салауат Мажитовпен  жолығып, біраз  сұрақтардың басын ашып алғанбыз.

1. Таблиғи жамағат ұйымы жалпы қайдан шықты?

Таблиғ жамағатының негізін қалаушы Мухаммад Илияс әл-Кандахлауи(һижрет жыл санауы бойынша 1303 жылы туып 1364 жылы қайтыс болған (1885-1944 ж.ж.)).Үндістанның Сахаранпур өлкесіндегі Кандахла ауылында дүниеге келген. Алғаш ілімді сол жерде алып, кейін Делидегі Ханафи мазхабы бойынша білім беретін Үндістандағы ең үлкен медресе болып саналатын «Диубанд» медресесінде білім алды. Бұл медресе 1867 жылы ашылған. «таблиғ» жамағатын 1926 жылы құрады. Таблиғ жамағатының қызметі Үндістаннан басталып, кейін Пакистан мен Бангладешке таралды. Онан кейін Ислам әлеміне атап айтқанда Сирия, Иордания, Палестина, Ливан, Мысыр, Судан, Ирак, Хижаз сияқты араб елдеріне жайылды. Одан әрі Еуропа, Америка, Азия, Африканың көптеген елдеріне таралды. Әсіресе Еуропа мен Америкадағы басқа дін өкілдерін Исламға шақыруға ерекше күш салды. «Таблиғ» жамағатының орталығы Дели қаласындағы Низамуддин ауданы. Сонымен қатар Пакистанның Карачи, Лахор қалаларында үлкен орталық филиалдары бар.

2. Таблиғшылардың басты қызметі не?

— «Таблиғ» жамағатының ұстанымдары: 1) Лә иләһә  иллАллаһу, Мухаммадур Расулуллаһ (Аллаһтан басқа тәңір жоқ,Мухаммад оның елшісі); 2)Ислам дінін жаю; 3) Мұсылмандардың басын біріктіру;

Атқаратын міндеттері:

  1. Кәлиматун Тайбәһ: адамдарға Лә иләһә иллАллаһу, Мухаммадур Расулуллаһ (Аллаһтан басқа тәңір жоқ,Мухаммад оның елшісі) сөзін айтқызып, оның мағынасын түсіндіру;
  2. Намаз: адамдарға намаз оқуды насихаттау
  3. Ілім және зікір: Адам өзіне қажетті шарғи ілімдерді үйрену. Аллаһтың әмірлері мен тиымдарын білу. Аллаһты зікір ету және жақсы көру;
  4. Барлық мұсылмандарға икрам(құрмет) жасау;
  5. Ықылас: барлық амалдарды тек қана Аллаһ ризашылығы үшін жасау;
  6. Дағуат үшін уақыт бөлу: дінді насихаттау үшін әр мұсылман өмірінде ең азы 4 ай Аллаһ жолына дағуатқа шығуы керек;

3. Атырау облысы бойынша атаулы ағымды ұстанушылар бар ма?

Бұл жамағат Атырау облысының аумағында 2002 жылдан бастап қарқынды дами бастады. Кейін өңірде сәләфилік бағытты ұстанушылардың пайда болуымен бұл жамағат әлсіреді. «Таблиғ» жамағатын қолдаушылардың басым көпшілігі сәләфилік бағытқа түсті. Қазір Атырау облысында «таблиғ» жамағатын қолдаушылардың саны өте аз. «Таблиғ» жамағаты шетелден басқарылатын болғандықтан мемлекеттің қауіпсіздігі үшін 2013 жылдың 26 ақпаны күні Астана қаласы, Сарыарқа аудандық сотының шешімімен бұл жамағатқа Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынды.

4. Ағым жақтастарына тән ерекшеліктер бар ма? Айырмашылығы неде?

— «Таблиғ» жамағатын ұстанушылар тереңдетіп ілім алуға тырыспайды; исламды насихаттауда тек өздерінің ұстанған бағыттарын дұрыс деп есептейді.  Таблиғшылар өз мақсаттарына жету үшін ешқандай саясатқа араласпай, төңкеріс жасамай дінді көркем түрде жаюдың жолын таңдаған. Олар мұсылман ағымдарының ешбірін даттамай, адасқандықпен, күпірлікпен айыптамау тұрғысынан ерекшеленеді. Ислам дінін үстем ету үшін Алла жолында жихадқа шықпағандарды күпірлікпен айыптаушылардың сөздерін қолдамайды. Тек өздерінің алға қойған мақсаттарына беріктіктерін көрсетеді.

Әңгімеңізге рахмет. Төл дініміз – Исламды, насихаттау жолындағы еңбегіңіз жемісті болсын!

Сұхбатты жүргізген: С.Қуанышев.

Атырау қаласы