Бүгінгі статистикаға сүйенсек, Атырау қаласында тұрғын үй секторындағы моншалардың жануы жиілеп тұр, 2015 жыл басталысымен, облыс көлемін қоспағанда қаланың өзінде 3 өрт оқиғасы тіркелді, жанудың шығу себертер – пештің ақаулығы.

Моншада (саунада) өрт шығуының ең көп кездесетін себептерінің бірі – қызған ағаштан жанғыш газ бөлінудің физика-химиялық процесі. Моншадағы өрт қауіпті жер – бу бөлмесі. Онда ағаш та көп, ағаштардың қызуына температура да жеткілікті, ал бөлінген газ өзінен өзі жануға қабілетті.

Өрт туындайтын тағы да бір басты себеп – бу бөлмесін жарықтандыру үшін қолданатын электр жабдықтары, электр өткізгіштері мен электр пештерін монтаждау және қолдану ережелерін бұзушылық.

Тағы бір себеп – бу бөлмесіндегі пешті дұрыс орнатпау, яғни, пеш пен жанғыш негіз арасындағы ара қашықтықты сақтамау, ол ағаштың шамадан тыс қызуына, артынша жануына әкеп соғады.

Монша, саунлардағы өрт қауіпті орынды таптық, өрттің туындауына негізгі шарттармен таныс болдық, енді өрт шығуға ең қауіпті уақытқа тоқталайық. Қауіптісі — бу бөлмесіне кірер алдында оны жылыту кезеңі. Тұрғындар тарапынан бақылаудың төмендігі мен бөлме ауасын желдетудің аздығы жанғыш газдың жиналуы мен оның өздігінен бақылаусыз жануына себепші болады.

Тұрғындардың қаперіне төмендегідей ережелерді қатаң сақтауларын талап етеміз:

  1. Моншаның тез жанғыш бөлшектерін мүмкіндігінше пеш пен түтіндіктен алшақ орналастырыңыз.
  2. Жерге түскен көмірден еденнің жану мүмкіндігін болдырмас үшін пештің есігінің алдына металды қаңылтыр қағыңыз.
  3. Пештің есігі мен қарсы беттегі қабырғаның ара қашықтығы 1,5 метрден кем болмауы тиіс.
  4. Пештің жарықтарын уақытылы бітеуге тырысыңыз.
  5. Түтіндік каналдарын мүмкіндігінше күйеден тазалап тұрыңыз.
  6. Міндетті түрде Қазақстан Республикасының «Электр өткізгіштерін орнату қағидаларының» талаптарын қатаң сақтаңыздар!

Өрт қауіпсіздік ережелерін сақтау – өміріңіз бен денсаулығыңыздың, мүлкіңіздің амандығының кепілі.

Гумарова Э.К.

Атырау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының инженері  өртке қарсы қызмет капитаны