Т. А. Еришева, Қ. Бектұрғанов

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты,

Қостанай қаласы, Қазақстан

Қазақ халқы – салт-дәстүрлерге бай ел. Біздің халқымыз өз ұрпақтарына ғасырдан ғасырға ұлт қасиетін салт-дәстүрмен, өнегені әдет-ғұрыппен, үлгіні жөн-жосықпен, әдепті ырым, тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл, инабатты қыз өсірген. 

Салт-дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы, қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері. Салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік, халықтық мәні зор. Халықтың атадан балаға көшіп, дамып отыратын тарихи-әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекетінің көрінісі дәстүр арқылы танылады. Салт-дәстүр байлығы – мәдениеттің байлығы.

Қазақ халқының салт-дәстүрлері Қазақстанның барлық өңірлерінде бірдей емес. Кейбір аймақтарда олардың өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл жағдай түрлі себептерге байланысты қалыптасқан. Енді соларға толығырақ тоқталсақ.

Бас тарту – кәде, жиын-той, аста, қонақ күткенде сойылған малдың басын қадірлі адамға сыбағалы, кәделі, сыйлы мүше ретінде тарту. Бас мүшесін дүниенің, жаратылыстың, әлемнің бастаушы күші деген ежелгі наным-сенімге байланысты оны жасы үлкен, сыйлы қонаққа немесе мәртебесі жоғары адамға Бас тарту байырғы ортада ежелден орныққан. Үйтілген қойдың басын піскен соң мандайынан айқастыра тіліп, табаққа салып әкеліп тарту ырымы қазақ арасында біркелкі атқарылады. Шығыс Қазақстанда мұны бастың жолын ашу деп атайды. Онысы тігінен түскен біздің жол, көлденең түскен сіздің жол дегенді ырымдағаны. Бұл қонаққа жасаған құрметтің белгісі болып табылады. Қазақ арасында қой басының құйқасын тілуді қасқалдақтау деп те атайды. Айқас тілу немесе қасқалдақтау (қас таңбасы) ұқыптылықты қажет етеді. Яғни қасқалдақтағанда бас сүйегі құйқа арасынан ырсиып көрінбеуі тиіс. Бас тартудың аймақтық ерекшеліктері қалыптасқан. Сырдың төменгі ағысы бойындағы Қазалы өңірінде, Арал бойында қазақтар қонаққа бас тартқанда оң жақ құлағын кесіп алып, оны үйдің кішкене баласына береді де, қонаққа оң құлақсыз тартады. Бұл ырысым, несібем өз үйімде, өз босағамда қалсын дегенді ырымдағаны. Бұл жоралғы көршілес қарақалпақтарда да дәл солай атқарылады және этномәдени байланыс барысында олардың Қазалы өңіріне ықпалы болғанға ұқсайды. Оң құлақтың орнын жілік толтырады. Солтүстік, Орталық және Оңтүстік, Батыс қазақтарында қандай малдың басы болса да, тісі қағылмаған бас тарту «арам» деп саналады. Ал Жетісу, Шығыс  қазақтары мал басының тісін қақпай, арасын шимен мұқият тазалап жуып асады. Осы өлкенің қазақтары бас тартылған қонақ тісіне қарап, «жас мал сойылды ма, кәрі мал сойылды ма, соны аңғарады» деп түсіндіреді және малдың тісін қағу, жалпы сүйек шағу мал басын кемітеді деп санайды.

 Батыс Қазақстанның халқы 22-Наурыз, Ұлыстың Ұлы күнін басқа өңірлерге қарағанда өзгеше тойлайды. Еліміздің батыс өңірлерінде бұл мереке ертерек басталады. Осы мерекеге орай 14-наурыздан бастап көрісу дәстүрі басталады. Көрісу – Батыс Қазақстан аймағында ғана сақталған ежелгі дәстүр. Жаңа жылды Байбақты Қазыбек күнтізбесі бойынша қарсы алатын аймақ тұрғындары 14 наурызды «Көрісу (яғни қауышу) күні» деп те атайды. Қыс ызғары кетіп, көктемнің шуағымен бірге келетін бұл дәстүрдің адамзат үшін маңызы зор екендігіне дау жоқ. Бұл күні ауыл балалары мен жастары үй-үйді аралап, жасы үлкендерге барып қол алысып көріседі, тәтті тағамнан дәм татады, қарттардың батасын алады. Осы күні көшеде, мектепте, қай жерде болсын кездес­кен ауыл тұрғындары бір-біріне қос қолын ұсынып көріседі. «Бір жасқа шығуыңмен!», «Бір жасқа есеюіңмен!», «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!», «Осы жылға аман-есен жетуіңмен!» деп құттықтап жатады. Әр үй 14-нау­рызда бар дәмдісін шығарып, жеті шелпегін пісіріп, дастарқан жайып отырады. Наурыздық жасап, ата-баба рухына дұға бағыштайды. 14-наурыздан бастап көрісу салты еліміздің батыс аймақтарында, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында жақсы сақталған. Жасы кішілер үлкендерге барып көріседі, көрші-қолаң, ағайын-туыс бір-біріне құшақ жайып, мерекемен құттықтайды. Бұл күнді «Көрісу күні», «Амал күні», «Жаңа жыл» деп те, «Нау­рыз» деп те атай береді. Көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмай, жыл бойы жал­ғаса береді. Әлдеқандай себептермен 14-нау­рыз күні сырт жақта жүріп, көрісе алмаған адам ауылға жолы түскен бойда ақсақалдарға, әжелерге, ағалар мен апаларға, құда-жегжатқа барып көріседі. Қалай десек те, көрісу имандылыққа, жақсылыққа үндейді [3, 130-б.]

Сәлем салу. «Сәлем – сөздің анасы, сөз-сарасы». Қазақ халқының ұғымы бойынша сәлем беру – тәрбиелік пен адамгершілік белгісі. «Ауылдан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал келіп сәлем береді» дегендей сәлем беру қалыптасқан ұлттық дәстүріміз. Келіннің жанұядағы қызметі мен әдептілігінің белгісі, ата-енесіне, қайын жұртына деген құрметі мен сәлемі. Беташар кезінен бастап сәлем салу басталады. Сәлемді ата-баба салтымен иіліп немесе тізесін бүгіп салады. Ал сәлемге ие болған адам:- Бақытты бол, балам! – деп ықыласын білдіреді немесе қарт аталар мен аналар жас келіннің маңдайынан иіскеп, бақыт пен берекет тілейді. Жас келін бір үйдің берекесін кіргізетін болашақ нна болғандықтан, ата-ене үйлі-жайлы болып, бала-шағалы болуларына үлестерін қосады. «Жақсы келін – қызындай, жақсы күйеу – ұлындай» деп қазақ даналары бекер айтпаған. Бұл дәстүрдегі аймақтық айырмашылық, солтүстік және орталық өңірлерде Беташарда ғана сәлем салады, бірақ сәлем салу келін болып түскеннен кейін өз жалғасын таппайды. Ата-енесімен амандасқанда, кәдімгі өз әке-шешеңмен амандасқандай беттерінен сүйіп, құшағына алады. Ал оңтүстік және батыс аймақтарда  мүлдем басқаша, бұл аймақта «сәлем салу» келіннің отбасыдағы басты міндеті десек те болады. Келін тек өзінің ата-енесіне сәлем салып қоймайды, ағайын-туысқандарға да сәлем салады [4, 153 б.].

Сандық ашу. Соңғы кездері Қызылорда облысының Арал, Қазалы аудандарында ер адамдар, ақсақалдар қайтыс болғанда «сандық ашатын» салт пайда болды. «Сандық ашу» деген қазақ ғұрпында жоқ, себебі сандықтың кілтін әйел баласы ұстайды, еркек адам ұстамайды. Бұл бастапқыда бір адам өзінің байлығын көрсеткісі келіп, атағын шығарғысы келді ме, содан басталған болуы керек. Енді бір-бірінен қалмай қолданғандықтан таралып кетті, жасы үлкен ақсақал қайтыс болса, шапан таратылады. Киім алған адам «қабыл болсын», «тие берсін» дегенді айтады. Бұл әбден халықтың қанына сіңіп кеткен салт [3, 219 б].

Қалың мал. Бұл – қазақ болғалы бұлжымаған ежелгі дәстүр. Құда түсу рәсімі келісілген соң дала заңы бойынша күйеу жағы «қалың мал» төлеуге тиіс. Аты айтып тұрғандай, қалыңмалдың құны ертеде малмен есептелген. Ал қазір заманға сай ақшалай есеп­тесетін болды. Бұрындары тұрмысы төмен жандар арасындағы қалыңмал мөлшері 5-6 малмен шектелсе, дәулеттілер арасында 200–1000 жыл­қы болып белгіленген. Ертеден келе жатқан дәстүр бүгінде кей жерлерде сақталған. Ал солтүстік  жерлерде бұл дәстүрді ұстанбайды. «Бұл болашақ жарың­ды сатып алумен тең» деген­ түсінік қалыптастыр­ғандар да бар. Керісінше оң­түстік өңірлерде заманға сай түрленіп келеді. Мұнымен солтүстіктегілер қазақтың салт-дәстүрін ұмытқан деуге болмас. Олар құда түсу, сырға салу, келіннің бетін ашу, қыздың жасауын әзірлеу сияқты­ дәстүрлерді жасауды естен шығарған емес. Құда түсіп барғ­ан екі жақта да қоржын жүреді. Сондай-ақ «ананың ақ сүті» деп берілетін сый-сияпат тағы бар. Солтүс­тіктегілер қалыңмал беруді балас­ын сауда­лағанмен тең деп түсіне­ді. Ал оңтүстік аймақ халқының аталған дәстүрге көзқа­расы мүлдем бөлек. Ұзаты­лып жатқан қыздың қалыңмалы қанша теңге бол­ғаны тойшыл қауымды қы­зықтырмай қоймайды [5, 203 б.].

Біз осы ғылыми мақаламызда қазақ халқының кейбір салт дәстүрлерін мысалға ала отырып, салт-дәстүрдің аймақтық ерекшеліктерін көрсеттік. Әрине, барлық салт-дәстүрлерді тізіп шығу мүмкін емес. Біздің басты мақсатымыз қазақ салт-дәстүрлерінің өзіндік аймақтық ерекшеліктерінің бар екенін дәлелдеу болатын. Дана халықтың өзі жасаған осы салт-дәстүрлерді біліп, үйрену және өмірде қолдану – ағайынды адастырмас сара жол.

Руслан ХАМЗА