«Таблиғи жамағат» ұйымының ел аумағында қандайма бір іс-әрекет жүргізуіне бірнеше жылдар бұрын сот шешімімен тыйым салғаны белгілі. Мұның астарында нендей гәп жатыр? Саралап көрелік…

Пәкістан мемлекетінің ұлттық киімін сүннет киімі деп есептейді. Сақалын сәнсіз желбіретіп, көрінген адамға дағуат туралы «уағыз» айта бастайтын олар әп дегеннен сырт көзге жақсы пікір қалдырмайды. Кейде олар дағуатты желеу етіп, отбасын тастап кетіп қалып жатады. Сондықтан, барлығы түсінікті болуы үшін, оқырманға аталмыш ұйымның қателіктері туралы айтып өткіміз келеді.

Біріншіден, таблиғшылар шариғат ілімдеріне аса мән бермейді. Ілім алса да олар ауыз-екі алып-қашпа әңгімені есте сақтау, бір-екі оқиғаны оқып алумен ғана шектеледі. Ал, енді қасиетті Құранға тоқталайық. Онда Алла пайғамбарға (с.ғ.с) былай деуді бұйырған: «Айт: «Бұл менің жолым. Мен терең ілімге негізделген түрде ғана Аллаға шақырамын. Мен және маған ергендер», — де». Демек, дінге шақырудың бірінші шарты ол – терең ілім. Ал, таблиғшыларда терең ілімді адамдар аз. Екінші шарты – Аллаға шақыру. Демек, «Біздің жамағатқа кір, таблиғ бол!» деген сөздің өзі дінге шақыру мақсатының өзгеріске ұшырап, қателікке айналып кететінін көрсетеді.

Екіншіден, олар Құран аяттары мен хадистерді тиісті деңгейде түсіндірмейді. Сол үшін Құран ішінде «Шығу, шығыс, соғысқа шығу, аттану, орында отырмаңдар» дегендей сөздері бар аяттардың негізгі мақсатын бұрмалап, «бұл дағуатқа шығу аяты» деп, қате түсіндіреді.

Үшіншіден, таблиғшылар дінге шақыруды арнайы күн сандарымен шектеп қояды. Бұл шариғатта болмаған, дінге енгізілген жаңалық, яғни «бидғат» болып саналады.

Төртіншіден, олар хадистерді мақсатты түрде бұрмалайды, дағуатты солай жасайды. Ал, ислам – шыншыл дін. Сондықтан, Алла елшісі (с.ғ.с) атынан өтірік айту ерсі әрекет, әрі үлкен күнә.

Бесіншіден, елдімекендерді аралағаннан кейін сұрақ қойылмай тұрмайтыны белгілі. Осындай жағдайға таблиғшылар ілімсіз бола тұра, Алла діні атынан сұраққа жауап беріп, үлкен күнәға батады. Сайып келгенде, бұл Жаратушымызға серік қосумен тең.

Асылында, ислам діні ең әуелі отбасын түзеуден басталуы керек. Отбасы, одан қалса көршіңе дін үйретпейінше, өзге жерге дін жаюға беттеу исламның негізгі қағидаларына қайшы келеді. Ал, таблиғшылардың отбасын қырық күн бойына жайына тастап, өзге елге дағуат жасап кетуі – тағы да исламға қарсы жасалған әрекет болып табылады.

Мұхтар ІЗҒАЛИЕВ,

Атырау облысы Дін істері басқармасының бөлім басшысы.